Парламенттің рөлі күшейеді: Қазақстан институционалдық басқаруға бет алды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент өкілеттігін кеңейту туралы ұсынысы елдегі билік жүйесінің архитектурасын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Бұл бастама персоналдық басқарудан институционалдық модельге өтудің нақты қадамы ретінде бағалануда.
Бүгін Мемлекет басшысы жұмыс тобының ұсыныстарын жариялай отырып, бірқатар маңызды мемлекеттік институттарды қалыптастыру құзыретін Парламентке беруді ұсынды. Атап айтқанда, Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясының құрамын бекіту, сондай-ақ Жоғарғы соттың барлық судьяларын сайлау өкілеттігі енді заң шығарушы органның қолына өтпек.
Бұған дейін бұл шешімдер көбіне президент пен атқарушы биліктің ықпалында болғаны жасырын емес. Енді жағдай өзгереді: халық сайлаған депутаттар елдің сот жүйесі, сайлау процесі және мемлекеттік қаржыны бақылау секілді шешуші салаларға тікелей әсер ететін болады. Осылайша Парламент тек заң қабылдайтын алаң емес, мемлекеттің негізгі тіректерін қалыптастыратын саяси орталыққа айналмақ.
Бұл өзгерістер бірнеше маңызды үрдісті аңғартады. Біріншіден, Президент кадрлық монополиядан бас тартып, жауапкершілікті ұжымдық институттарға жүктеуді көздеп отыр. Екіншіден, биліктің бір қолға шоғырлануы әлсіреп, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі нығаяды. Үшіншіден, сот, сайлау және аудит секілді салалар жеке тұлғаның емес, өкілді органның бақылауына көшеді.
Алайда мұның екінші жағы да бар. Парламент енді формальды институт бола алмайды. Егер ертең әділетсіз судья сайланса немесе әлсіз сайлау комиссиясы жасақталса, жауапты тарап та айқын болады. Халық өзі дауыс берген депутаттан нақты шешім үшін сұрай алады. Бұл — саяси жауапкершіліктің жаңа деңгейі.
Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің басты ойы айқын: билікті бір адамның қолына байламайтын, тұрақты әрі жауапты саяси жүйе қалыптастыру. Мұны Қазақстандағы соңғы жылдардағы ең маңызды саяси бетбұрыстардың бірі деуге негіз бар.
Материал Дәурен Сейітжанұлының пайымдары негізінде дайындалды.