Жаңалықтар

Бір адам мәйіті қала сыртынан табылды: Шымкентте жол апатынан кейін жаппай төбелес болған

Шымкент қаласында жол-көлік оқиғасынан кейін болған жаппай төбелес салдарынан 40 жастағы ер адам қаза тапты. Оқиға 20 қаңтарда Еримбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған.

Куәгерлердің айтуынша, екі көліктің соқтығысуынан кейін жанжал туындап, оған үшінші автокөлік иелері де араласқан. Соның нәтижесінде төбелес жаппай сипат алып, шамамен онға жуық адам қатысқан.

Қақтығыс кезінде екі адам жарақат алған. Кейін олардың бірінің мәйіті қала сыртынан табылды. Екінші зардап шеккен азамат ауруханаға жеткізілді.

Шымкент қалалық полиция департаменті адам өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Полиция оқиғаға куә болған азаматтарды тергеуге көмектесу үшін ақпарат беруге шақырды.