Қазақстанда вице-президент лауазымы енгізіледі – Тоқаев
Қазақстанда вице-президент қызметі пайда болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды newsroom.kz.
Президенттің айтуынша, бұл бастаманың уақыты келген.
«Халықта “әр нәрсенің өз уақыты бар” деген сөз бекер айтылмаған. Меніңше, дәл сондай кезең келді. Бүгін Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында маңызды жаңа ұсыныспен шыққым келеді. Ұсынып отырған жаңашылдық бірнеше жыл бойы жүйелі түрде қалыптастырған бүкіл саяси құрылымды тұтастыра түседі. Бұл – Қазақстан Республикасында вице-президент институтын енгізу және оны Конституцияда бекіту туралы бастама», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының сөзінше, вице-президентті Президент Парламенттің келісімімен, қарапайым көпшілік дауыспен тағайындайды. Ал оның өкілеттіктер аясын Президенттің өзі айқындайды.
Жоспарға сәйкес, вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша:
- халықаралық форумдар мен шетелдік мемлекеттердің делегацияларымен өтетін келіссөздерде Қазақстан Республикасының мүддесін қорғайды;
- Парламентте Президенттің өкілі болады;
- отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;
- Президент жүктеген өзге де тапсырмаларды орындайды.
Президент вице-президенттің қызметтік функционалына қатысты негізгі нормаларды Конституция мәтінінде көрсету орынды екенін атап өтті.
«Көптеген елдерде вице-президент лауазымы бар екені сіздерге мәлім. Біздің жағдайда бұл институтты енгізу мемлекеттік басқару үдерісін тұрақтандырып, билік иерархиясына қатысты түпкілікті айқындық енгізеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл конституциялық жаңашылдық президенттік билік институтының әлсіреуін білдірмейтінін ерекше атап өтті.
«Керісінше, президент лауазымы мемлекеттік жүйедегі басты орын болып қала береді. Қазақстан президенттік республика ретінде табысты дами береді деп сенемін. Өзін ақтаған бұл саяси жүйеден бас тартуға болмайды. Әсіресе халықаралық тәжірибе дәл осы таңдаудың дұрыстығын айқын көрсетіп отыр», – деп түйіндеді Президент.
Қазіргі уақытта Қызылорда қаласында 12 қаңтарда анонс жасалған Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтіп жатыр. Бұған дейін Президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Мемлекет басшысы бұл жиында елдің алдағы даму бағыттарын айқындап, қоғамдық өмірге қатысты өзекті мәселелерге тоқталатынын хабарлаған еді.