Әскер

Әскердегі сарбаздарға несие жабылады: Қазақстанда жаңа шектеу енгізілмек

Қазақстанда мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға несие алуға тыйым салу жоспарланып отыр. Тиісті қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Жаңа құжатқа сәйкес, Қорғаныс министрлігі мен кредиттік бюролар арасында ақпарат алмасу жолға қойылады. Бұл тәртіп Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) жаңа қаулысымен бекітілмек.

Өзгерістер, ең алдымен, әскерде жүрген азаматтарға берілетін несие төлемдерін кейінге шегеру мәселесіне қатысты. Сонымен қатар, банктер мен микроқаржы ұйымдары шақыру жасындағы азаматтан несие өтінімі түскен жағдайда, оның мәртебесін кредиттік есеп арқылы тексеруге міндеттеледі.

Егер өтінім берушінің мерзімді әскери қызметте жүргені анықталса, банк немесе МҚҰ несие беруден бас тартуы тиіс.

Құжаттың қоғамдық талқылауы 3 ақпанға дейін жалғасады.