Жаңалықтар

Қазақстан жаңа дәрі-дәрмексіз қалуы мүмкін — экономист ескертті

Қазақстанда жаңа дәрі-дәрмектерге қолжетімділік қиындауы мүмкін. Бұл туралы экономист Руслан Сұлтанов АҚШ пен Еуроодақ арасындағы фармацевтикалық баға дауына қатысты пікір білдірді.

Сарапшының айтуынша, АҚШ-та дәрі бағасының төмендеуі Еуропаға да әсер етіп, тізбекті реакция туғызған. Қазір Еуропа елдеріне «не қымбат төлейсіңдер, не жаңа препаратты ұзақ күтесіңдер» деген таңдау ұсынылған. Ұлыбритания жаңа дәрілерге жылдам қол жеткізу үшін бағаны көтеруге келіскен.

Ал Қазақстанның жағдайы күрделірек. Ел сыртқы баға саясатына толық тәуелді, бірақ дамыған мемлекеттерден айырмашылығы — жаңа бағаны мүлде бекітпеуі мүмкін.

«Егер реттеуші орган бағаны мақұлдамаса, компания препаратты жеткізуден бас тартады. Себебі ешкім өзіндік құнынан төмен бағада сатпайды. Осылайша “реттеуші тұйыққа” тірелеміз: қағаз жүзінде баға бар, ал іс жүзінде дәрі жоқ», — деп жазады Сұлтанов.

Экономистің болжамынша, таяу уақытта Қазақстан мынадай салдарға тап болуы ықтимал:

  • жаңа препараттар нарыққа үлкен кешігумен шығады;
  • науқастар заманауи емнен қағылады;
  • мемлекет бағаны үнемдегенімен, емдеу тиімділігі төмендеп, жалпы шығын артады;
  • клиникалық зерттеулер жүргізу үшін нарық тартымсыз бола бастайды.

Әсіресе дәріханалар зардап шегуі мүмкін. Баға шектеулеріне байланысты қазірдің өзінде сирек және импорттық дәрілер сатылымнан кетіп жатыр.

Айта кетейік, былтыр күзде Қазақстанда ірі дәрі-дәрмек дауы шыққан болатын.