Астанада хирургтерге «ақылды робот» көмектесе бастады: MISSO не істей алады?
Қазақстанда травматология және ортопедия саласында MISSO атты роботтандырылған хирургиялық жүйе қолданысқа енгізілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды newsroom.kz.
Заманауи құрылғы Астанадағы академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығына тапсырылған. MISSO — жасанды интеллект алгоритмдеріне негізделген «ақылды хирургиялық ассистент» болып саналады.
Жүйе операцияларды алдын ала жоспарлауға, хирургиялық араласуды жоғары дәлдікпен орындауға көмектеседі, асқыну қаупін азайтып, әсіресе буын эндопротездеу кезінде бірыңғай емдеу стандарттарын қамтамасыз етеді.
Роботты тапсыру рәсіміне Үндістанның Қазақстандағы елшісі Сайлас Тангал қатысып, екі ел арасындағы медициналық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын атап өтті.
Ұлттық орталықтың директоры Олжас Бекарисовтың айтуынша, MISSO жүйесін енгізу жоғары технологиялы ортопедиялық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Айта кетейік, Қазақстанда жыл сайын шамамен 18 мың эндопротездеу отасы жасалады. Ал нақты қажеттілік 120 мың операциядан асады.