Гватемала түрмелерінде бүлік шықты: 46 адамды кепілге алған
Гватемалада бірден үш түрмеде жаппай бүлік шығып, кемінде 46 адам кепілге алынды. Елдің ішкі істер министрі Марко Антонио Вильеданың мәлімдеуінше, кепілге алынғандар арасында қаза тапқандар мен жараланғандар жоқ.
Министрдің айтуынша, тәртіпсіздікті Barrio 18 қылмыстық тобы ұйымдастырған. Олар өздерінің жетекшісін қатаң режимдегі түрмеден жағдайы жеңілірек мекемеге ауыстыруды талап етіп отыр.
Бүлік кезінде тұтқындар негізінен түрме күзетшілерін, сондай-ақ бір психологты кепілге алған. Қазіргі таңда қауіпсіздік күштері мен әскер түрмелердің периметрін толық бақылауға алып, жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
«Мен келіссөз жүргізбеймін және бопсалауға көнбеймін», — деп мәлімдеді ішкі істер министрі.
Билік өкілдері тәртіпті қалпына келтіру үшін барлық қажетті шара қабылданып жатқанын хабарлады.