Жаңалықтар

Оқушы педагогты тістеп алды: анасы баланы қашықтан оқытуға мәжбүрлеп жатыр дейді

Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде алты жастағы оқушы педагог-ассистентті тістеп алған. Оқиғадан кейін маман жедел жәрдем мен полиция шақырған. Бұл туралы Instagram желісіндегі тікелей эфирде Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сауле Шәкенева мәлімдеді.

Инцидент өткен жылдың 17 желтоқсанында болған. Нәтижесінде бірінші сынып оқушысының анасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша (баланы тәрбиелеу және білім беру міндеттерін орындамау) жауапқа тартылып, 20 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген.

Омбудсменнің айтуынша, жағдай қалалық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қаралып, ерекше білім беру қажеттілігі бар бала мен оның заңды өкіліне шара қолдану туралы шешім қабылданған. Педагог-ассистент уақытша еңбекке жарамсыз болып қалғанын айтып, медициналық және құқық қорғау органдарына жүгінген.

Алайда баланың анасы Надежда бұл жағдайды қызын үйден оқытуға көшіру үшін жасалып жатқан қысым деп есептейді. Оның айтуынша, қызы қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның (ПМПК) қорытындысы негізінде жалпы білім беру бағдарламасымен оқып жүр, тек педагог-ассистенттің сүйемелдеуі қарастырылған.

«Қызым сөйлейді, оқиды, жазады, оқу бағдарламасын меңгеріп жүр. Оны қоғамнан оқшаулап, үйде оқытудың қажеті жоқ. Ол алты жарым жаста, бірінші сыныпта оқиды және сыныптастарымен бірге білім алуға толық құқығы бар», – дейді анасы.

Оның айтуынша, мектеп әкімшілігі баланың сабақ кезінде жүгіріп кетуі, партаның астына жатып алуы сияқты әрекеттеріне жиі шағымданған. Ал Сауле Шәкенева мұндай мінез-құлық ерекше қажеттілігі бар балаларға тән екенін және педагог-ассистенттің басты міндеті – дәл осындай жағдайларды реттеп, балаға дұрыс тәсіл табу екенін атап өтті.

Тікелей эфир барысында Қазақстанның өзге өңірлеріндегі ата-аналар да осындай жағдайлар жиі кездесетінін айтып шағымданған. Омбудсмен бұл іске бақылау жүргізіп, оқиға болған Павлодардағы №11 мектепке өзі барып, жағдайды жан-жақты тексеруге уәде берді.