"Ұлысқа" өзін Қайрат Сатыбалдының бұрынғы азаматтық әйелімін деген Асылжан Есенқызы сұхбат берді. Бұл елдің «тоқалын түгендеп отыратын» подкаст емес, 30 жылға жуық елімізді басқарған Назарбаевтар отбасының моральдық сипатын, психологиялық портретін, құндылықтарын көрсеткен әңгіме болды. Мысалы, Қайрат Сатыбалды бір жылда үш бірдей тоқалды қатарынан алған. Ал Асылжанға үйленгенде Нұрсұлтан Назарбаев ұнатпаған. Содан «Отбасылық кеңес» құрып Сатыбалдының әйелдері мәселесін қараумен айналысқан көрінеді. Сол уақытта елдің жағдайы қандай болды? Халық базарда сандалып қара нан тауып жеудің жолында жүрген жоқ па? Ал бұл отбасы экс-Президенттің өзінен бастап «тоқал» түгендеп жүрді. Уақытын тұрмыстық жанжалдармен өткізген Сатыбалды ұлттық қауіпсіздікке де жауапты болды бір кездері", - деп жазды Самал Ибраева.
Оның айтуынша, бүгінде Қайрат Сатыбалдының экс-тоқалы Асылжан науқас қызымен жалғыз. Ол журналиске жүкті кезінде азаматтық некедегі күйеуі ұрып-соққанын айтқан. Сондай-ақ көліктерін, дүниесін, енді жалғыз баспанасын тартып алып жатқанын сөз еткен.
"Қазақстан неге Назарбаевтардың 30 жылдық басқаруынан кейін экономикалық әрі моральдық тоқырауға тап болғанын осыдан байқауға болады. Ең қауіптісі Сатыбалдыны айналасындағы табынушы-шабармандары «монархия болса, елді келесі сіз басқарсаңыз» деп үгіттеген екен. Бізді Құдай сақтады мүмкін… Адам құқына, әйел хақы мен еркіне, ұрпаққа, елдің құрылымына деген көзқарастары осындай, сұхбатта айтылғандай «білім деңгейі 11 жылдық мектептен аспаған» адам елге тұтқа болса қайтер едік?!", - деп жазды журналист.