«Қадыров жансақтау бөлімінде»: Шешенстан президентінің ұлы жол апатына түсті
Оқиға бүгін қала көшелерінің бірінде тіркелді.
Адам Қадыров мінген кортеж жоғары жылдамдықпен келе жатып, алдындағы кедергіге соқтығысқан. Салдарынан бірнеше көлік тізбектеле бір-біріне соғылған. Куәгерлердің айтуынша, зардап шеккендер бар.
Апаттан кейін ауруханаға апаратын жол толық жабылып, маңайы қарулы күзетке алынған. Куәгерлер бөгде адамдардың жақындауына қатаң тыйым салынғанын айтады. Әлеуметтік желілерде түрлі қауесет тарауда. Кей деректерде Адам Қадыровтың жағдайы ауыр, ес-түссіз жатқаны жөнінде ақпарат айтылуда.
Шешенстандағы жағдайды бақылап отыратын NIYSO қозғалысының мәліметінше, жол апатына Адам Қадыровтың өзі себепкер болған. Олардың дерегіне сай, кортеж жол қозғалысы ережелерін сақтамай, жылдамдықты шамадан тыс асырған.
Алайда Қадыровтың нақты жағдайына қатысты ресми ақпарат әзірге жоқ. Шешен билігі бұл жайтқа байланысты түсініктеме бермеді. Ал оппозициялық көздер оқиғаға қатысты ақпарат таратпау және жергілікті БАҚ материалдарын қатаң бақылауға алу жөнінде нұсқау берілгенін мәлімдеуде.