Сараптама

Танымал депутат экономика әлсіз дегенге тұшымды жауап берді

Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев қоғамда жиі айтылатын «елде дағдарыс, экономика өспей жатыр» деген пікірлерге нақты деректерге сүйене отырып жауап берді. Ол бұл туралы Facebook парақшасында жариялаған видеосында айтты, деп хабарлайды newsroom.kz.

Депутаттың айтуынша, елде жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 6 пайыздан астам өсіп отырғаны айтылғанымен, көп адам бұл өсімді күнделікті өмірде неге сезбейді деген сұрақ қояды. Осыған байланысты ол ұран мен дабырасыз, тек нақты фактілерге жүгінуді ұсынды.

Болатбек Әлиев соңғы бес жылда Қазақстанда 1 миллион 100 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл — жай ғана статистика емес, нақты салынып, пайдалануға берілген, бүгінде адамдар тұрып жатқан үйлер.

«Бұл көлемді түсінікті масштабқа аударсақ, шамамен 20 мың тоғыз қабатты тұрғын үй немесе 3 миллионнан астам адамды қамтитын тұтас бір мегаполис. Егер осы адамдарды бір қалаға жинасақ, ол Астана мен Алматыдан да үлкен болар еді», — деді депутат.

Ол тұрғын үй құрылысы экономиканың қалай жұмыс істейтінін айқын көрсететінін жеткізді. Алдымен құрылыс басталып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Құрылыс материалдары өндіріледі, зауыттар, логистика, мердігер компаниялар іске қосылады. Бұл — бір сала екіншісін алға сүйрейтін классикалық мультипликативтік әсер.

Алайда, депутаттың айтуынша, экономикалық ықпал мұнымен шектелмейді. Құрылыс — тек алғашқы кезең.

Жаңа пәтерге кірген әрбір отбасы тұрмыстық жағдайын жақсарта бастайды: жиһаз, ас үй жабдығы, сантехника, тұрмыстық техника, теледидар сатып алады. Бұл — өте қомақты шығын.

Орта есеппен бір пәтерді толық жабдықтауға кемінде 10 миллион теңге кетеді. Егер осы соманы 1,1 миллион пәтерге көбейтсек, 10–11 триллион теңгеден астам тікелей шығын шығады. Ал сауда, өндіріс пен қызмет көрсету салаларындағы мультипликативтік әсерді ескерсек, бұл қаражат экономика айналымында 1,5–2 есе артық көлеммен көрініс табады.

«Бұл ақша аспаннан түспейді. Оны адамдар өз еңбегімен табады, салық төлейді, содан кейін ғана жұмсайды. Экономика дәл осылай — есептерде емес, нақты өмірде жұмыс істейді», — деді ол.

Депутат тұрғын үй тек қабырға мен жиһаздан тұрмайтынын да атап өтті. Мұндай ауқымдағы құрылыс инфрақұрылымды талап етеді. Оның есебінше, осы тұрғын үй қорын қамтамасыз ету үшін кем дегенде:

  • 350 мектеп,
  • 650 балабақша,
  • 150-ге жуық емхана қажет.

Сонымен қатар су, жылу, электр энергиясы, кәріз жүйесі, қоқыс шығару, қоғамдық көлік қызметтері де қатар дамуы тиіс. Мұндай тұрғын үй қоры тәулігіне шамамен 800 мың текше метр су мен 3 мың мегаватт электр энергиясын тұтынады.

«Сондықтан біз энергетика, АЭС туралы айтып отырмыз. Мұның бәрі бір-бірімен тығыз байланысты экономикалық логика», — деді Болатбек Әлиев.

Одан бөлек, тәулігіне шамамен 3 мың тонна тұрмыстық қалдық шығады. Оны жинау, тасымалдау, өңдеу — бәрі де экономика, жұмыс орындары мен қаржы айналымы.

Депутаттың айтуынша, экономикалық өсім миллиондаған адамның нақты іс-әрекетінде көрініс табады: еңбек етуде, тұтынуда, құрылыс пен инфрақұрылымда.

Мемлекеттің басты міндеті — осы өсімді өмір сапасына айналдыру. Яғни тұрғын үймен қатар мектеп, аурухана, жол мен инженерлік желілердің қатар дамуын қамтамасыз ету.

Болатбек Әлиев көрші Орталық Азия елдерімен салыстырмалы талдау жасағанын да айтты. Оның сөзінше, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан соңғы жылдары Қазақстан салған тұрғын үй көлеміне бірігіп те жете алмаған.

«Бұл дағдарыс жоқ деген сөз емес. Қиындықтар бар. Бірақ ел дамып келеді, мәселелерді еңсеріп, алға жылжып отыр», — деп түйіндеді депутат.

Ол егер қазіргі жағдайды 5–10–15 жыл бұрынғымен салыстырсақ, айырмашылықтың айқын екенін атап өтті. Алдағы кезеңде магистральдар, энергетика және ірі инфрақұрылымдық жобалар дәл осындай экономикалық үдерістермен қатар жүрмек.