Жаңалықтар

Павлодарда төрт баласы бар отбасының үйі өртеніп, екі бала қаза тапты

Павлодар облысының Ертіс ауылында жеке тұрғын үйде шыққан өрт салдарынан екі бала көз жұмды. Қайғылы оқиға таңғы уақытта көпбалалы отбасы тұратын үйде болған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт салдарынан үй толықтай отқа оранған. Жиһаз, шатыр және тұрмыстық заттар жанып кеткен.

«Өрт кезінде үй ішінде балалар болған. 16 жастағы жасөспірім өздігінен шығып үлгерген. Құтқарушылар тағы үш баланы алып шықты. Алайда 2018 және 2021 жылы туған екі бала ауруханада көз жұмды», – деп хабарлады құтқарушылар.

2015 жылы туған бала жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр. Ол ағасымен бірге санавиация арқылы Павлодар қаласына жеткізілген. Дәрігерлер тексеруден кейін қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.

Балалардың анасы өрт кезінде жұмыста болған. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.