«Біз соғыспаймыз»: СІМ Қара теңіздегі мұнай танкерлеріне жасалған шабуылдарды айыптады
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қара теңіз акваториясында қазақстандық мұнай тасымалдаған танкерлерге жасалған дрон шабуылдарына байланысты ресми ұстанымын білдірді.
Ведомство бұл оқиғаларға «қатты алаңдаушылық» білдіріп, серіктес елдерді энергетикалық инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдауға шақырды.
СІМ мәліметінше, қазақстандық дипломаттар Еуропа елдері, АҚШ және өзге мемлекеттердің елшілерімен шұғыл кездесулер өткізген. Келіссөздерде мұнай тасымалының қауіпсіздігі мен халықаралық теңіз құқығын сақтау мәселелері талқыланған.
«Қазақстан бірде-бір қарулы қақтығысқа қатыспайды. Ел энергия ресурстарын тұрақты түрде жеткізуді жалғастырып, Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігіне үлес қосып отыр», – деп атап өтті министрлік.
Сондай-ақ шабуылға ұшыраған танкерлердің барлық қажетті рұқсаттары мен жабдықтары, оның ішінде сәйкестендіру жүйелері болғаны айтылды.
СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібаев мұндай оқиғалардың жиілеуі энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысына қауіп төндіретінін мәлімдеп, халықаралық серіктестерді мұндай шабуылдардың алдын алу үшін бірлескен қадамдар жасауға шақырды.