Әлем

Оңтүстік Кореяда экс-президентке өлім жазасы талап етілді

Оңтүстік Корея прокуратурасы елдің бұрынғы президенті Юн Сок Ёльге қатысты өлім жазасын сұрады. Yonhap агенттігінің хабарлауынша, ол 2024 жылдың желтоқсанында заңсыз әскери жағдай енгізді деген айыппен жауапқа тартылып отыр. Елде соңғы рет өлім жазасы 1997 жылы орындалған.

Аталған іс бойынша барлығы сегіз адам, соның ішінде экс-президенттің өзі де сот алдында жауап беріп жатыр. Арнайы прокурор Чо Ын Соктың тобы жазаның ең ауыр түрін Сеулдің Орталық аудандық сотындағы қорытынды тыңдау кезінде талап еткен. Өткен жұмада сот отырысы уақытша тоқтатылған. Бұған бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хённің адвокаттарының сегіз сағат бойы құжаттық дәлелдерді зерттеуі себеп болған.

Юн Сок Ёль – қамауда отырып айып тағылған алғашқы әрекеттегі президент ретінде тарихқа енді. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол бұрынғы қорғаныс министрімен және басқа тұлғалармен келісіп, конституциялық құрылымды әлсірету мақсатында бүлік ұйымдастырған.

Еске салсақ, 2024 жылғы 3 желтоқсанда Юн Сок Ёль елге төтенше үндеу жасап, «Солтүстік Кореяны жақтайтын анти-мемлекеттік күштерге» қарсы тұру үшін әскери жағдай енгізілетінін мәлімдеген. Алайда Ұлттық ассамблея бұл шешімді жойып, президентті қызметінен шеттеткен.

Сонымен қатар қараша айында Юн Сок Ёльге «жауға жәрдемдесу» бабы бойынша жаңа айыптар тағылғаны белгілі болды. Тергеу оның КХДР аумағына дрондар жіберуге қатысы болуы мүмкін екенін тексеріп жатыр.