Қара теңіздегі шабуыл Қазақстанның мұнай экспортына әсер етті – Энергетика министрлігі
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Қара теңіз акваториясында болған оқиғаларға байланысты мұнай тасымалы мен экспорт көлеміне қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Ведомствоның хабарлауынша, 2026 жылғы 13 қаңтарда Қара теңізде Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы маңында Қазақстан мұнайын тасымалдауға қатысқан «Matilda» және «Delta Harmony»танкерлеріне ұшқышсыз ұшу аппаратымен шабуыл жасалған.
Мальта туымен жүзетін «Matilda» танкерінде жарылыс тіркелгенімен, өрт болмаған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, кеменің жүзу қабілеті сақталған, экипаж мүшелері аман. Ал Либерия туымен жүрген «Delta Harmony»танкерінде шыққан өрт қысқа уақыт ішінде сөндірілген. Оқиға кезінде кемеде мұнай тиеу жұмыстары жүргізілмеген, цистерналар бос болғандықтан, Қазақстанның экспорттық мұнайына тікелей залал келмеген.
Сонымен қатар министрлік желтоқсан айында КҚК теңіз терминалы арқылы мұнай жөнелту көлемі уақытша қысқарғанын растады. Бұған ұшқышсыз аппарат шабуылынан кейін ВПУ-3 айлақ құрылғысының жұмысы тоқтатылуы және Қара теңіздегі қолайсыз ауа райы, соның ішінде дауылды жағдайлар себеп болған.
Мұнай-газ саласына сыртқы факторлардың кері әсерін азайту және өндірістің тоқтап қалмауы үшін экспорттық ағындарды қайта бөлу бойынша жедел шаралар қабылданған.
Министрліктің мәліметінше, экспортталатын мұнайдың бір бөлігі баламалы бағыттарға бағытталған. Атап айтқанда, Атырау–Самара маршруты бойынша тасымал көлемі артқан, сондай-ақ Қытайға жеткізілімдерұлғайған. Қалған бағыттарда экспорт көлемі жоспарлы орташа деңгейде сақталған.
Энергетика министрлігі мұнай өндіру мен экспортқа қатысты ахуал тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Ведомство ұлттық операторлармен, консорциум басшылығымен және халықаралық серіктестермен бірлесіп, логистикалық қауіпсіздік пен экспорттық жеткізілімдердің үздіксіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып жатыр.