Бозанбайда базалық мәселе ушығып тұр: жайылым жоқ, дәрігер жетіспейді
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» фракциясының мүшесі Ерболат Саурықов Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылының тұрғындарымен кездесті. Жиында ауыл халқы күнделікті тұрмысына тікелей әсер етіп отырған бірқатар өзекті проблемаларды ашық көтерді.
Кездесуде әсіресе жайылым және шабындық жерлердің тапшылығы, жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету, тұрғын үй кезегінің ұзақтығы, сондай-ақ медицина саласындағы кадр жетіспеушілігі негізгі тақырыптарға айналды.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, Бозанбай халқының шамамен 95 пайызы мал шаруашылығымен айналысады. Алайда бүгінгі таңда шабындық жерлердің жоқтығы және жайылымдық аумақтардың жеткіліксіздігі шаруалардың жұмысын тұралатып, ауыл экономикасының дамуына да кедергі келтіріп отыр. Бұл жағдай мал басының өсіміне, сонымен қатар халықтың табыс көзінің тұрақтылығына кері әсерін тигізуде.
Жиында ауылдағы 5 жыл бұрын басталған спорт кешенінің құрылысы әлі күнге дейін аяқталмағаны да қатаң сынға алынды. Тұрғындар аталған нысанның ұзаққа созылу себептерін түсіндіруді талап етіп, бұл мәселені депутаттың жеке бақылауына алуды сұрады. Ауыл жастары үшін мұндай спорт инфрақұрылымы ауадай қажет екені атап өтілді.
Медицинаға қатысты түйткіл де назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда ауылда дәрігер тапшылығы сезіледі, бірқатар бағыт бойынша тұрақты мамандар мүлде жоқ. Бұл жағдай тұрғындардың сапалы әрі уақытылы медициналық қызмет алуын қиындатып отыр. Ауыл азаматтары жас дәрігерлерді тарту үшін тұрғын үймен қамту және әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейту қажет екенін жеткізді.
Ерболат Саурықов тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелердің барлығы жинақталып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатынын мәлімдеді. Сондай-ақ депутат бұл түйткілдерді қолданыстағы заңнама мен мемлекеттік бағдарламалар аясында қарастыруға дайын екенін атап өтті.