Қолма-қол ақша алуға жаңа шектеу енгізілді: бизнес пен банктер неге дайын болуы керек?
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кәсіпкерлер үшін қолма-қол ақша шешіп алудың жаңа тәртібі күшіне енді. Енді бизнес өкілдері белгіленген лимиттен асатын соманы алу үшін оның мақсатын құжатпен дәлелдеуге міндетті.
Жаңа ережеге сәйкес:
- шағын бизнес — айына 20 млн теңгеге дейін,
- орта бизнес — 120 млн теңгеге дейін,
- ірі бизнес — 150 млн теңгеге дейін қолма-қол ақша шеше алады.
Егер бұл лимиттен асса, банк клиенттен қаражаттың қандай мақсатта алынатынын растайтын құжаттарды сұрап, мәліметтерді Мемлекеттік кірістер комитетіне жолдайды. Салық органдары операцияны тексергеннен кейін ғана ақша беріледі. Егер белгіленген мерзімде жауап келмесе, банк қаражатты беруге міндетті.
Экономист, Integrity Astana талдау орталығының директоры Жанат Нұрғалиевтің айтуынша, бұл қадам жаңа Салық кодексінің логикасымен тығыз байланысты.
— Бұл — көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталған жүйелі шара. Мемлекет қаржы ағындарының ашық болуын қалайды. Мақсат — салықтық әкімшілендіруді күшейту және бюджеттің кіріс бөлігін тұрақтандыру, — дейді сарапшы.
Оның сөзінше, бұл өзгеріс банктерге де қосымша жауапкершілік жүктейді. Қаржы ұйымдары құжаттарды жедел тексеріп, салық органдарымен тиімді байланыс орната алмаса, операциялар кешігіп, іскерлік белсенділікке кері әсер етуі мүмкін.
Сондықтан кәсіпкерлерге енді қаржыны алдын ала жоспарлап, ірі сомаларды алу кезінде барлық құжатты дайындап қою маңызды болмақ.