Германияда қойлар супермаркетке «басып алып», сауда тоқтап қалды
Германияның оңтүстігіндегі Бавария аймағында орналасқан Penny супермаркеті жарты сағатқа жуық уақытқа қойлардың «басып кіруіне» байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.
The Telegraph басылымының хабарлауынша, Бургзинн муниципалитетіндегі дүкенге шамамен елуге жуық қой кіріп кеткен. Барлығы бір қойдың сатып алушылардың бірінің қалтасындағы тәтті тағамды байқап, артынан ергенінен басталған. Оны көрген өзге қойлар да топтаса дүкенге лап қойған.
«Қонақтар» ер адамды касса маңында бұрышқа тіреп, дүкен ішін түгел басып алған. Салдарынан сатып алушыларға қызмет көрсету тоқтап, дүкен қызметкерлері жануарларды сыртқа шығарумен әлек болды.
Кейін белгілі болғандай, қойлар негізгі табыннан бөлініп кеткен екен. Ақырында барлығы қайтадан иесіне тапсырылды.
Оқиға Penny желісі үшін күтпеген жарнамаға айналды. Компания басшылығы «атаққа шыққан» қойларға бір жылдық жем-шөп қорын сыйлауға шешім қабылдаған.