Жаңалықтар

Instagram-ның 17,5 млн қолданушысының дерегі желіге тарап кеткен

Киберқауіпсіздік саласының мамандары Instagram қолданушыларына қатысты ауқымды дерекқордың даркнетте жарияланғанын хабарлады.

Malwarebytes компаниясының сарапшыларының мәліметінше, бір форумда 17,5 миллион қолданушының деректері сақталған архив табылған. Онда аккаунт атаулары, пайдаланушы есімдері, электронды пошта мекенжайлары, телефон нөмірлері, ішінара мекенжайлар және өзге де байланыс деректері бар.

Архивтегі файлдар JSON және TXT форматында сақталған. Оларды 2026 жылдың 7 қаңтарында Solonik деген лақап атпен тіркелген қолданушы тегін қолжетімді етіп жариялаған. Мамандар бұл деректер 2024 жылы Instagram API жүйесіндегі осалдықтан алынған болуы мүмкін екенін айтады.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай ақпарат фишинг шабуылдарына, аккаунттарды бұзып кіруге немесе құпиясөзді қалпына келтіру арқылы иемденуге пайдаланылуы ықтимал.

Instagram желісінің иесі Meta компаниясы әзірге деректердің тарауына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.