«Бұл — протест емес»: Иран президенті наразылыққа шыққандарға ауыр айып тақты
Иранда үкіметке қарсы наразылықтар екінші аптаға ұласып, елдің түрлі аймақтарында толастамай тұр. Түнгі уақытта да жалғасып жатқан шерулерге байланысты билік қауіпсіздік шараларын күшейтуге дайын екенін білдірді.
АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында Иран «бұрын-соңды болмаған деңгейде бостандыққа бет бұрғанын» айтып, Америка Құрама Штаттарының қолдау көрсетуге әзір екенін мәлімдеді.
Бұған жауап ретінде Иран парламентінің спикері Мохаммад Багер Калибаф қатаң мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, егер АҚШ Иранға соққы жасаса, Израиль мен аймақтағы америкалық әскери нысандар қарсы жауаптың заңды нысанасына айналады.
Ел ішіндегі қақтығыстар мен зорлық-зомбылық туралы хабарлар жалғасып жатқанымен, нақты ахуалды бағалау қиын. Себебі Иранда интернет пен байланыс құралдарына қатаң шектеу қойылып, әлемге тек жекелеген фото мен видеолар ғана жетіп жатыр.
The Times of Israel дерегінше, наразылықтар кезінде билік әрекеттерінен кемінде 116 адам қаза тапқан. Ал құқық қорғаушылар 2600-ден астам адамның ұсталғанын хабарлайды.
«Мешіт өртегендер – халық өкілі емес»
Осы жағдайға байланысты Иран президенті Масуд Пезешкиан халыққа телеүндеу жасап, наразылық білдірушілерге қатаң ескерту жасады. Ол мешіттерге шабуыл жасап, өрт қойғандарды «террористік әрекетке барғандар» деп атады.
Президент елдегі экономикалық қиындықтарды мойындайтынын, алайда зорлық-зомбылық пен қасиетті орындарға шабуыл ешқашан заңды талап болып саналмайтынын айтты.
«Мешітті өртеген адам халықтың атынан сөйлей алмайды. Бұл — сенімге және мемлекетке жасалған шабуыл», — деді Пезешкиан.
Сондай-ақ ол АҚШ пен Израильді Иранның ішкі ісіне араласты деп айыптап, сыртқы күштер әлеуметтік наразылықты пайдаланып, арандатушы топтарды ұйымдастырып отыр деп мәлімдеді. Билік әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша диалогқа дайын екенін, бірақ күш көрсетуге жол бермейтінін қатаң ескертті.