Алматыда өртке қамалған екі әйел аман қалды
Алматыда түн ортасында шыққан өрт кезінде 52 және 95 жастағы екі әйел ажалдан арашаланды. Оқиға Алмалы ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 10 қаңтар күні сағат 00:32-де Клочков көшесіндегі бес қабатты үйде өрт шыққаны туралы хабар түскен. Үшінші қабаттағы пәтердің кіреберісі мен жуынатын бөлмесі ашық жалынға оранып, өрт аумағы шамамен 15 шаршы метрді құраған. Подъезді қою түтін басып, тұрғындардың өміріне қауіп төнген.
Газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары есігі ішінен құлыпталған пәтерді бұзып кіріп, от шарпыған бөлмелер арқылы өтіп, балкон терезесінен ғана дем алып тұрған қарт әйелді тапқан. Терезе ашылмағандықтан, өрт сөндірушілер үш буынды саты арқылы шағын терезені бұзып, әйелді сыртқа шығарды. Ол дереу жедел жәрдем қызметіне тапсырылды.
Сондай-ақ төртінші қабаттан 52 жастағы әйел құтқару қалпағының көмегімен қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Көрші пәтерлердің тұрғындары да уақытша сыртқа шығарылып, жылыну үшін арнайы «вахтовка» көлігі ұйымдастырылды.
Өрт 01:05-те толық сөндірілді. Қаза тапқандар жоқ. Құтқарылған азаматтар дәрігерлердің бақылауында, өмірлеріне қауіп жоқ. Оқиға орнына 25 құтқарушы мен 8 техника жұмылдырылған.