Әлем

Ұшақтағы өлім: Танымал әнші мен оның музыканттары қайтыс болды

Колумбияда әйгілі әнші Йейсон Хименес пен оның музыкалық тобының бірнеше мүшесі әуе апатынан көз жұмды.

Қаралы ақпаратты елдің Азаматтық авиация басқармасы X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жариялады.

Алдын ала мәліметке сәйкес, жеке ұшақта алты адам болған: ұшқыш, екінші ұшқыш және төрт жолаушы. Әуе кемесі Пайпа қаласындағы Хуан Хосе Рондон әуежайы маңында апатқа ұшыраған.

Қайғылы оқиға 10 қаңтар күні жергілікті уақытпен шамамен сағат 16:00-де болған. Ұшып көтерілу сәтінде ұшақ қажетті жылдамдықты жинай алмай, ұшу-қону жолағынан шығып кеткен. Артынша аударылып, өртке оранған.

El Tiempo басылымының жазуынша, Хименес апатқа бір күн қалғанда Малага қаласында концерт беріп, демалу үшін Пайпаға барған. Ол Медельин әуежайына жету мақсатында жеке ұшақ жалдап, кейін Маринилья қаласына ұшуды жоспарлаған.

Йейсон Хименес 1991 жылдың 26 шілдесінде Мансанарес қаласында дүниеге келген. Ол шамамен 70 әннің авторы әрі орындаушысы ретінде кеңінен танымал болды. Әншінің Aventurero, Tenías Razón, Ya no mi amor сынды шығармалары тыңдарман арасында үлкен сұранысқа ие.