Жаңалықтар

Екібастұзда қанқұйлы қылмыс подъезд камерасына түсіп қалды

Екібастұз қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің подъезінде орнатылған бейнебақылау камерасы жан түршігерлік көріністі тіркеді.

Кадрларда қансырап қалған әйелдің пәтерден шығуға әрекет жасап, лифт маңында құлап қалғаны байқалады. Араға бір минут салып, оның артынан қолында пышағы, үсті-басы қанға боялған тағы бір әйел жүгіріп шығады.

Оқиғаға байланысты Павлодар облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.

Ведомство мәліметінше, 9 қаңтар күні полицияға Екібастұз қаласындағы пәтерлердің бірінде болған оқиға туралы хабар түскен.

«Оқиға орнына келген қызметкерлер тұрмыстық жанжал барысында, алдын ала мәлімет бойынша алкогольдік масаң күйде, қатысушылардың біріне бірнеше пышақ жарақаты салынғанын анықтады. Алған жарақаттарының салдарынан ол оқиға орнында көз жұмды. Сондай-ақ тағы бір әйел пышақ жарақатын алып, медициналық мекемеге жеткізілді», – деп хабарлады полиция.

Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті “ізін суытпай” ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

«Аталған дерек бойынша кісі өлтіру және кісі өлтіруге оқталу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп толықтырды ведомствода.