Мәжіліс депутаты жарты млрд тг табыс тапқан
Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев 2024 жылға арналған декларациясында 528,6 млн теңге көлеміндегі қосымша табысын көрсеткен. Аталған сомаға парламенттегі ресми жалақысы кірмейді.
Ерлан Барлыбаев Мәжіліс депутаты қызметін 2016 жылдан бері атқарып келеді. 2021 жылы VII шақырылым мандатын алған. Ол — «Ақ жол» партиясының мүшесі. Ал қазіргі Мәжіліс құрамына 2023 жылдың наурыз айында кірген.
Бұған дейін «Курсив» басылымы депутаттың энергетика саласындағы бизнеске қатысы барын жазған. Ерлан Барлыбаев «Дария-1» компаниясының құрылтайшыларының бірі саналады. Бұл компания «Восток лимитедке» иелік етеді. Ал «Восток лимитед» өз кезегінде Павлодар облысын электр энергиясымен қамтамасыз ететін компаниялардың бірі — «Горэлектросетьтің» иесі.
Сондай-ақ басқа да депутаттар мен олардың жұбайларының табыстары жарияланды. Атап айтқанда, Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлжан Абауованың жұбайы 1,58 млн теңге, ал вице-спикер Альберт Раудың жұбайы 10,8 млн теңге табыс тапқан.
Қалған парламентарийлердің басым бөлігі әзірге декларация жарияламаған немесе жалақысынан тыс қосымша табыс көрсетпеген.