Франция мен Ұлыбритания Украинаға 15 мыңға дейін әскер жіберуі мүмкін
Франция мен Ұлыбритания бейбіт келісім жасалғаннан кейін Украинаға 15 мыңға дейін әскери қызметкер жіберуді жоспарлап отыр. Бұл туралы DW басылымы The Times-қа сілтеме жасап хабарлады.
Мәліметке сәйкес, әскер жіберу Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беру мақсатында қарастырылып отыр. Сонымен қатар, Германия да Украинаға жақын аумақта өз әскери күштерін орналастыруға дайын екенін білдірген.
Аталған жоспарға Ресей тарапы қатаң реакция танытты. РФ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова бұл әрекетті «Ресей қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін шетелдік интервенция» деп бағалады.
Оның айтуынша, Украина аумағына кіргізілетін шетелдік әскер заңды әскери нысана ретінде қарастырылады.