Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы «дәрігерге барамыз» деп үйден шығып, қайта оралмаған. Кейінірек ерлі-зайыптылардың мәйіті табылғаны белгілі болды.
Марқұмдарды жерлеу рәсімі бүгін туыстары үйінің аумағында өтеді. Денелер Қызылқоға ауданының орталығы — Миялы ауылынан жеткізіледі. Бұл туралы Жангелдин кентінің әкімі Қанат Ғайса хабарлап, барлық ұйымдастыру жұмыстарын марқұмдардың туыстары өздері атқарып жатқанын айтты.
Қазіргі таңда адам өлтіру дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс тергеліп жатыр. Негізгі күдікті ретінде қаза тапқандардың 29 жастағы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев танылды. Тергеу барысында марқұмдардың үлкен қызы — бес баланың анасы Ақбаянның жоғалып кетуі де назарға алынған. Оның қайда екені әзірге белгісіз.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, отбасы тұйық өмір салтын ұстанған, айналасындағылармен сирек араласқан әрі қоғамдық ортада көп көрінбеген. Ақбаян бес баланы тәрбиелегенімен, туыстарымен де байланысы аз болған.
Сондай-ақ қаза тапқан ерлі-зайыптының ресми жұмыс істемегені хабарланды.
Әлеуметтік желілерде күдіктінің шетелде, тіпті Бали аралында болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ, тергеу аясында тексеріліп жатыр.
Құзырлы органдар тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырады.