Кентау дәмханасында жарылыс болып 18 жастағы студент қыз көз жұмды
Жаңа жыл түні Түркістан облысының Кентау қаласында орналасқан қоғамдық тамақтану орнында жарылыс болып, артынан өрт шықты. Қайғылы оқиға салдарынан 18 жастағы қыз қаза тапты.
Марқұм сол дәмханада жұмыс істеген. Туыстарының айтуынша, апат болардың алдында ғимарат ішінде газ иісі сезілген. Бұл туралы бірнеше рет ескертілгенімен, қызды жұмыстан жібермеген. Ол бұл жерге небәрі бір ай бұрын орналасып, колледждің екінші курсында білім алып жүрген.
Жарылыс кезінде тағы төрт адам жарақат алды. Олардың екеуінің жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Қаза тапқан қыздың жақындары кінәлілердің қатаң жазалануын талап етуде.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.