Таймс-скверде 44 рет көрсетілді: Димаш Құдайберген Нью-Йоркті тәнті етті
Жаңа жыл түні, 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түнде, Нью-Йорктегі әйгілі Таймс-сквер алаңындағы алып экрандарда қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің бейнеролигі көрсетілді.
АҚШ-тағы және өзге елдердегі 30-дан астам жанкүйер бірігіп, мерекелік күндерге арнайы бастама көтерген. Олар Димаштың бейнеролигін Нью-Йоркте және АҚШ-тың басқа да қалаларында көрсету идеясын ұсынған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ролик әр 30 минут сайын эфирге шығып отырған. Нәтижесінде бейнежазба бір түннің ішінде 44 рет көрсетіліп, әр көрсетілімнің ұзақтығы 30 секундты құраған.
Әлемнің ең танымал алаңдарының бірінде қазақстандық өнерпаздың бейнесінің қайта-қайта көрсетілуі жанкүйерлер арасында зор әсер қалдырды.