Жаңалықтар

Қазақстанда зиянды вакциналар сатып алынғаны рас па?

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде тараған «балаларда ауру тудыратын арзан вакциналар сатып алынып жатыр» деген мәлімдемелерді ресми түрде жоққа шығарды. Ведомство бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын және ғылыми негізі жоқ екенін мәлімдеді.

Министрліктің түсіндіруінше, Қазақстанда Ұлттық егу күнтізбесі аясында қолданылатын барлық вакциналар халықаралық және ұлттық деңгейде көпсатылы сараптамадан өтеді. Олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына және елдің қолданыстағы заңнамасына толық сай келеді.

«Вакциналарды сатып алу кезінде басты өлшем — сапа, қауіпсіздік және тиімділік. Бұл үдерісте “арзандығы” деген ұстаным мүлде қарастырылмайды», — деп атап өтті министрлік өкілдері.

Ұлттық иммундау саясатының нәтижесінде соңғы 34 жылда бірқатар жұқпалы аурулар айтарлықтай азайған. Атап айтқанда, эпидемиялық паротитпен сырқаттану 100 еседен астам төмендеген: 1990 жылғы 12 194 жағдайдан 2024 жылы 118 жағдайға дейін қысқарған. Вирустық гепатит А дерті 32 еседен аса азайса, гепатит В бойынша көрсеткіш 92 есеге төмендеген.

Сонымен қатар вакцинацияның арқасында балалар арасындағы қызылша ауруы 90 пайыздан астам, ал қызамық пен паротит 95 пайызға дейін азайған. Полиомиелит дерегі Қазақстанда 1996 жылдан бері тіркелмеген, ал дифтерия 2009 жылдан бері кездеспейді. Бұл деректер ұлттық иммундау бағдарламасының жоғары тиімділігін дәлелдейді.

Министрлік медициналық білімі жоқ тұлғалардың осындай мәлімдемелер таратуы ата-аналарды жаңылыстырып, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді әлсірететінін және балалардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретінін ескертті.