Жаңа жыл түні Таразда үй өртеніп, 100-ге жуық адам эвакуацияланды
Жаңа жыл түні Тараз қаласында ірі өрт тіркелді. Алғашқы ақпарат бойынша, бес қабатты тұрғын үйдің шатыры ашық жалынмен жанған. Қалың түтінге байланысты шамамен 100 адам, оның ішінде 30 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ.
Кейін анықталғандай, өрт Жамбыл даңғылында орналасқан мейрамхананың жазғы қосалқы ғимаратынан шыққан. Тілсіз жау тұрғын үйге жақын орналасқан нысанда тұтанған.
Оқиға орнына 62 құтқарушы мен 22 техника жұмылдырылып, жылыту пункттері мен өрт сөндіру штабы құрылды. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында өрттің мейрамхананың негізгі ғимаратына, сондай-ақ маңайдағы жанармай құю бекетіне таралуына жол берілмеді.
Тараз қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Ербол Амировтың айтуынша, өрт шамамен 300 шаршы метр аумақта сөндірілген.
«Өрт толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталып жатыр», — деді ол.