Аймақтар

Samsung Қарағанды облысында теледидар мен кір жуғыш машина өндірісін іске қосты

Оңтүстік Кореяның Samsung Electronics компаниясы Қазақстанда тұрмыстық техника өндірісін бастады. Қарағанды облысының Саран қаласында теледидарлар мен кір жуғыш машиналар шығаратын жаңа өндірістік желілер іске қосылды.

Samsung Electronics Қазақстан аумағында алғашқы өндірістік жобасын жүзеге асырып, Қарағанды облысындағы Silk Road Electronics зауытында теледидарлар мен кір жуғыш машиналар шығаруды бастады. Бұл — компанияның Орталық Азия елдеріндегі алғашқы өндірістік қатысуы.

Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшілігінің мәліметінше, қазіргі таңда зауытта 1 100-ден астам адам жұмыс істейді. Жоба мемлекет, жеке инвесторлар және салалық серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылып, елдегі машина жасау саласын дамыту мен жоғары технологиялы өндірісті жергіліктендіруге бағытталған.

Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 150 мың теледидар мен 200 мың кір жуғыш машинаны құрайды. Қазір зауытта SmartThings экожүйесін қолдайтын кір жуғыш машиналар, сондай-ақ Crystal UHD 4K, FHD және HD сериясындағы теледидарлар шығарылады.

2025 жылы сериялық өндіріс басталғалы бері 42 мыңнан астам техника бірлігі өндірілген. Олардың қатарында жасанды интеллект элементтері бар және қазақ тіліне бейімделген интерфейсі бар үлгілер де бар. Алдағы уақытта QLED сериялы теледидарлар өндірісін жолға қою жоспарланып отыр. Сонымен қатар зауыт 2026 жылғы модельдік қатарды шығаруды бастап кеткен, олар Samsung-тың халықаралық стандарттарына толық сай келеді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жоба Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және әлемдік технологиялық брендтердің аймақтағы үлесін кеңейтуге серпін береді.