42 млрд теңгеге Қазақстанның батысында Coca-Cola зауыты салынады
Үкімет Ақтөбе облысында алкогольсіз сусындар өндіретін зауыт салу жөніндегі инвестициялық келісімді мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Жобаның инвесторы — «Кока-Кола Алматы Боттлерс» ЖШС. Инвестиция көлемі 41,9 млрд теңге деп бағаланып отыр. Болашақ кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 280 млн литрге дейін сусын өндіруге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылы бастау жоспарланған.
Зауытта халықаралық стандарттарға сай заманауи өндірістік шешімдер, соның ішінде экологиялық қалдықтарды басқару жүйелері қолданылатын болады. Үкімет өкілдерінің айтуынша, жоба өңдеу өнеркәсібін дамыту және тұрақты экономика қалыптастыру бағытына толық сәйкес келеді.
Жобаны іске асыру өңірде 120-дан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Kompra деректеріне сәйкес, «Кока-Кола Алматы Боттлерс» нидерландтық CCI International Holland және түркиялық Coca-Cola İçecek A.Ş. компанияларына тиесілі. Компания түркиялық Coca-Cola İçecek тобының құрамына кіреді. Топтың 12 елде 36 зауыты бар, оның үшеуі Қазақстанда — Алматыда, Астанада және Шымкентте орналасқан. Былтыр ғана іске қосылған Шымкенттегі зауытқа компания 27 млрд теңге инвестиция салған.