Алматыда курьер дрондар пайда болады
2025 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Freedom Lifestyle компаниясы ұшқышсыз жеткізу қызметін дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұл келісім аясында тараптар дрон арқылы жеткізу қызметінің пилоттық жобасын іске қосуға келісті. Жоба қалалық инфрақұрылымды жетілдіру, цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ қауіпсіздік пен тұрғындардың жайлылығын арттыруға баса назар аудара отырып, жаңа жеткізу әдісін сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.
Freedom Lifestyle компаниясы жобаны қаржыландыру және ұйымдастыру бойынша қатыса отырып, ұшқышсыз жеткізу қызметін өздерінің цифрлық платформаларына енгізуге тырысады. Компания 2025 жылдың басынан бастап ұшқышсыз аппарат операторлары командасын құрып, Freedom X зертханасында дрондарды сынақтан өткізу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жобаны реттеуші орган ретінде қатысып, қаладағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету және жаңа технологияларды енгізу жұмыстарын үйлестіреді. Министрлік жобаның пилоттық кезеңін бақылап, түсінікті ережелер мен нормаларды әзірлейді.
Ғиззат Байтұрсынов, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитетінің төрағасы: «Бұл меморандум мемлекетіміздің ұшқышсыз технологиялар мен логистикалық сервистерді дамытудағы жүйелі көзқарасын көрсетеді. Пилоттық жобалар арқылы технологиялар нақты жағдайда тексеріліп, нормативтік шешімдер пысықталып, болашақта бұл қызмет түрі кеңейтілмек», — деп атап өтті.
Freedom Lifestyle Group бас директоры Алексей Ли: «Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірге жұмыс істеп жатқанымызға қуаныштымыз. Бұл серіктестік ұшқышсыз технологияларды азаматтардың күнделікті өміріне енгізуге және жеткізу процесін тиімді әрі жылдам етуге мүмкіндік береді», — деді.
Алматыдағы пилоттық жоба аясында дрондар азық-түлік, күнделікті тұтыну тауарлары мен дәрі-дәрмектерді жеткізу үшін қолданылады. Әр дрон 10 килограмға дейінгі жүктің 3 шақырымға дейінгі радиусқа тасымалдауды жүзеге асыра алады. Ұшу тек күндізгі уақытта және қолайлы ауа райында ғана орындалады.
Жобаның пилоттық кезеңі 2026 жылдың қаңтар айынан наурыз айына дейін жүргізіледі. Қозғалыс қауіпсіздігі мен байланыс тұрақтылығы дәлелденгеннен кейін, дрондардың саны біртіндеп арттырылады. Бұл қаладағы қызметті сынақтан өткізіп, алдағы уақытта ауылдық аймақтарға жеткізу мүмкіндігін қарастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта қажетті инфрақұрылым толық дайын, ал ұшу қауіпсіздігі мен азаматтардың қорғалуына ерекше көңіл бөлінген. Жобада дрондардың авариялық жағдайда автоматты түрде қайтуы немесе қауіпсіз қонуы қарастырылған. Әрбір дрон парашютпен жабдықталған және интернет байланысы жоғалған жағдайда да автономды режимде ұшуды жалғастыра алады.
Жеткізу маршруттары негізінен жасыл аймақтар, саябақтар мен көше бойларымен өтеді, бұл тұрғындарға қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету үшін қабылданған шаралар болып табылады. Операторлардың жұмысы авиациялық реттеушілермен келісілген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
Болашақта бұл жоба тек қалалармен шектелмей, шалғай ауылдарда да жүзеге асырылады, осылайша логистикалық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру көзделеді.