Қазақстан өз зымыранын әзірлеуде: сынақ 2030 жылға дейін аяқталады
Қазақстан өз зымыран-тасығышын жасауға бір табан жақындады. Ел 2030 жылға дейін оны өндіруге қажетті негізгі технологиялардың сынақтарын аяқтауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды newsroom.kz.
Бұл туралы журналистерге цифрлық даму жөніндегі вице-министр Мәлік Олжабеков мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта басты назар метеорологиялық зымыранды ұшыруға аударылып отыр. Дәл осы зымыран отандық әзірлемелер үшін «сынақ алаңы» болмақ.
«Біз отынды, қозғалтқыштарды, басқару жүйесін сынақтан өткізіп, барлық телеметриялық деректерді жинап жатырмыз. Келесі кезеңде осы шешімдерді жоғары класстағы зымыранға бейімдеп, ауқымын кеңейтуді бастаймыз», — деп түсіндірді Олжабеков.
Одан кейін бұл технологияларды аса жеңіл зымыран-тасығышты жасауға икемдеу көзделіп отыр. Аталған зымыран Қазақстанға спутниктерді шетелдік ұшыру алаңдары мен операторлардың көмегінсіз, өз бетінше орбитаға шығаруға жол ашады.