Астанада түнгі клуб маңында 18 жастағы жігіт қаза тапты
Әлеуметтік желілерде Астанадағы түнгі клубтардың бірінің маңында жас жігіттің қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Алдын ала мәліметке сәйкес, ол төбелес кезінде пышақталған. Бұл деректі елордалық полиция департаменті растады.
«Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, жәбірленушінің өліміне әкеп соққан дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Полиция қызметкерлері екі күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Анықталғандай, түнгі ойын-сауық орындарының бірінің маңында жас азаматтар арасында ауызша жанжал туындап, ол төбелеске ұласқан. Соның салдарынан 18 жастағы азамат алған жарақаттарынан көз жұмды», – деп мәлімдеді Астана қалалық полиция департаментінде.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар полиция департаменті азаматтарға үндеу жасап, түнгі ойын-сауық орындарына барған кезде қоғамдық тәртіпті сақтауға және жанжалдан аулақ болуға шақырды.
«Кез келген заңсыз әрекет үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік көзделген», – деп қосты ведомствода.