Депутат Бапи Назарбаевтың Қазақстаннан шығуын шектеуді ұсынды
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құпияға қолы жеткен бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың шетелге шығуын заңнамалық тұрғыда реттеуді ұсынды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
«Бұл не деген әбігерлі, бейберекет сабылыс?! Бір кездері халықты жалғыз өзі билеп-төстеп, әмір жүргізген адамның бүгінде сол халық өзіне қалқан болмайтынын түсініп, осындай күйге түсуі ме? Әрине, мұндай жағымпаздықтың Қазақстанға да, қазаққа да қатысы жоқ, бұл – әдеттегідей жеке басының тойымсыз мүддесін қанағаттандыру әрекеті. Сондықтан, шынында да, ұлттық қауіпсіздік үшін мемлекеттік құпияны білетін тұлғалардың (ол экс-президент болсын, министр болсын немесе өзге лауазымды адам болсын) шетелге шығу мүмкіндігін реттейтін заң қажет шығар. Қалай ойлайсыздар, әріптес заңгер-депутаттар, біз осындай заңның бастамашысы бола аламыз ба?» — деп жазды ол Facebook парақшасында.
Бапи бұл мәселені Қытай тәжірибесіне ұқсас заңның халықаралық міндеттемелер мен мемлекетаралық конвенцияларға қаншалықты сай келетіні тұрғысынан көтеріп отырғанын нақтылады. Оның айтуынша, депутаттар мемлекеттік құпияға қатысты талаптарды да ескеруі тиіс.
«Ел қауіпсіздігі үшін оған және Қожамжаров секілді өзге де тұлғаларға алдын ала осындай “шекаралық қызыл сызық” белгілеуге бола ма? Кремль бұл қадамның саяси мәнін қалай қабылдайтынын білмеймін, бірақ экс-президенттің әрекеттерін Қазақстанның мемлекеттік билігі мен халқына қатысты күш көрсету ретінде бағалауға бола ма?» — деп қосты депутат.