Жаңалықтар

Ұрлықшылар үй иесін пышақтап, қарияны байлап кеткен: 26 жыл бұрынғы қылмыс әшкере болды

Шығыс Қазақстан облысында полицейлер 1999 жылы жасалған аса ауыр қылмысты ашты. Бұл туралы ҚР ІІМ-нің ресми ақпараттық ресурсы Polisia.kz хабарлады.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бірнеше қарулы шабуыл жасағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған екі аса қауіпті қылмыскердің 1999 жылғы желтоқсанда Зайсан қаласында болған адам өлтіру мен қарақшылық дерегіне қатысы бары анықталған.

Қылмыс жасалғаннан кейін күдіктілер ізін суытып үлгерген. Алайда жылдар өткен соң полиция және тергеу органдарының жүйелі, тиянақты жұмысы, сондай-ақ облыстық прокуратураның қолдауы нәтижесінде қылмыстың барлық мән-жайы қалпына келтіріліп, кінәлі тұлғалар анықталды.

Тергеу деректеріне сәйкес, екі ер адам ірі олжа табу мақсатында жергілікті тұрғынның үйіне заңсыз кірген. Үйден бағалы зат таппаған қаскөйлердің бірі 26 жастағы ер адамды аса қатыгездікпен пышақтап өлтірген. Сол сәтте үйде болған 77 жастағы әйелді соққыға жығып, электр сымымен орындыққа байлап кеткен.

Қылмыскерлер оқиға орнынан 12 калибрлі қос ұңғылы аңшы мылтығын, «ИЖ-53М» пневматикалық тапаншасын және бейнемагнитофонды алып кеткен.

Фотолар: polisia.kz

Қазіргі таңда аталған екі тұлға да 2002 жылдың желтоқсанында бірнеше қарақшылық шабуыл мен адам өлтіру фактілері үшін тағайындалған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатыр.

ШҚО полиция департаменті «Адам өлтіру», «Қарақшылық», «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» және «Қаруды заңсыз иемдену» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтап, қылмыстық істі сотқа жолдады.

Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен жазалар ішінара қосылып, екі сотталушының әрқайсысына мүлкін тәркілей отырып, төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза тағайындалды.

Полиция қызметкерлерінің табанды еңбегінің нәтижесінде 26 жыл бұрын жасалған ауыр қылмыстың ақиқаты ашылып, әділдік салтанат құрды.