Аймақтар

58 млрд теңге және Ресей компаниясы: Оралда қандай жоба басталды?

Ресейдің «Қызыл жұлдыз» компаниясы Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласында құны 58 млрд теңге болатын кәріздік тазарту құрылыстарын салумен айналысады.

Бұл туралы БҚО әкімі Нариман Төреғалиев хабарлады.

«Ресейлік «Қызыл жұлдыз» компаниясы Орал қаласындағы кәріздік тазарту нысандарының жобалау жұмыстарына кірісті. Жоспарланған инвестиция көлемі – 58 млрд теңге», – деді ол брифинг барысында.

Жобаның нақты аяқталу мерзімі әзірге айтылған жоқ. Кәріздік тазарту құрылыстары – бұл ағынды суларды қабылдау, тазарту және залалсыздандыруға арналған кешендер.

2024 жылдың желтоқсанында Қостанай облысындағы Рудный қаласында су дайындау және су тазарту үдерістеріне арналған инновациялық химиялық реагенттер шығаратын Қазақстандағы алғашқы зауыттың салынатыны туралы хабарланған еді. Бұл жобаға Мәскеудің «Қызыл жұлдыз» компаниясы 5 млрд теңге инвестиция салатынын мәлімдеген.

Компания су дайындау және су тазалау саласына арналған жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеумен айналысады. Олардың технологиясы кешенді әсер ететін инновациялық реагенттерді қолдануға негізделген. Айта кетерлігі, зауытта ауыз суды залалсыздандыру үшін дәстүрлі хлор пайдаланылмайды. Бұл өз кезегінде су құбыры жүйесінің тозуын азайтады деп күтілуде.

Рудныйдағы зауытты 2026 жылдың екінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр. «Қызыл жұлдыздың» бас директоры Эдуард Мяготин зауыт толық қуатқа шыққанда мұнда шамамен 100 адам жұмыс істейтінін айтқан. 2022 жылы Лисаковск қаласы Қазақстанда бірінші болып ауыз суды хлорлау тәсілінен бас тартқан еді.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, «Қызыл жұлдыз» компаниясының 50%-ы Эдуард Мяготинге, қалған 50%-ы Юрий Ивановқа тиесілі. 2024 жылы компанияның табысы тіркелмеген, ал 2023 жылғы кірісі 0,5 млн рубльді (шамамен 2,9 млн теңге) құраған. Сонымен бірге Ресейдегі дереккөздерде дәл осындай атауы бар бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бар екені көрсетілген.