Әлем

12 жастағы бала «Один дома» фильміндегідей әрекет етіп, ұрыны ұстап берген

Нью-Йоркте тұратын 12 жастағы жасөспірім үйіне заңсыз кірмек болған адамға тосқауыл қойып, батылдығымен көпшілікті таңғалдырды. Ол әрекетімен әйгілі «Үйде жалғыз» фильміндегі Кевин Маккалистерді еске салды.

Бала сынған әйнектің дыбысын және асүй жақтан шыққан аяқ дыбыстарын естіген соң, терезе арқылы аулаға секіріп шыққан. Үйге ұры түскеніне көзі жеткен соң, аулада жасырынып, дереу полицияға хабарласқан.

Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді. Ал бала болған жайтты ата-анасына сабырмен жеткізгенімен, олар алғашында сенбеген. Тек бала телефонды полиция қызметкеріне берген кезде ғана жағдайдың рас екеніне көз жеткізген.

Баланың отбасы бұл оқиғаның сәтті аяқталуын оның көрген фильмдері, сақтығы мен жақсы интуициясымен байланыстырады. Ал жасөспірімнің өзі ең алдымен Рождествоға арналған сыйлықтардың амандығынаалаңдағанын айтқан.