Биыл 6,1 мың қазақстандық телефон алаяқтарының құрбаны болған
Биыл Қазақстанда 6,1 мың адам телефон алаяқтарының айласына түсіп қалған. Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарға кең тараған алаяқтық схемалардың бірі — «1414» нөмірінен келген СМС-ке байланысты тәсіл туралы еске салды.
Алаяқтық схеманың мәні мынадай:
алдымен азаматтың телефонына код жазылған СМС-хабарлама келеді. Артынша белгісіз адамдар қоңырау шалып, өздерін мемлекеттік орган, банк немесе курьерлік қызмет өкілі ретінде таныстырады да, сол кодты айтып беруді сұрайды.
Біраз уақыт өткен соң жәбірленушіге тағы бір топ алаяқ хабарласады. Бұл жолы олар өздерін банк қауіпсіздік қызметі, полиция немесе ҰҚК атынан сөйлеп тұрғандай көрсетеді. «Сіздің шотыңыздан алаяқтық әрекет анықталды» деп қорқытып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді. Нәтижесінде азаматтар қаржысынан айырылып қалады.
Азаматтарды қорғау мақсатында Қазақстанда SMS-шлюз «1414» арқылы қол жеткізілетін жүйелерге қосымша қауіпсіздік тетіктері енгізілген. Атап айтқанда, FaceID, электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) және eGov QRтехнологиялары қолданысқа енді.
Мамандар азаматтарды сақ болуға, СМС арқылы келген кодтарды ешкімге айтпауға және күмәнді қоңырауларға сенбеуге шақырады.