Жаңалықтар

Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы қорытындыланды

Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Қазақстан – бейбітшілік пен бірліктің кепілі» атты республикалық этномәдени бірлестіктер конференциясы өтті. Іс-шара барысында Ассамблеяның соңғы үш онжылдықтағы жетістіктері, этносаралық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту тәжірибесі, сондай-ақ 2026 жылға арналған жоспарлар талқыланды.

Конференцияға этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың және Алматы қаласындағы ҚХА құрылымдарының өкілдерімен қатар, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Азильханов және қала әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Есенбеков қатысты.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігін нығайтудағы оң рөлі мен қазақстандық келісім моделінің бірегейлігін атап өтті.

– Тәуелсіздік туралы сөз қозғағанда, ең алдымен бірлікті айтамыз. Бірлік болмаса, тәуелсіздік те болмайды. Қазақстандағы бірліктің негізгі тіректерінің бірі – Ассамблея. ҚХА – мемлекет пен қоғам арасындағы үйлесімді байланысты қамтамасыз ететін бірегей институт. Барлық этномәдени бірлестіктердің үлесін жоғары бағалаймыз және жобаларын табысты жүзеге асыруларына тілектеспіз, – деді ол.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Азильханов Ассамблеяның 30 жылдығы ел тарихындағы маңызды белес екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұйымның басты миссиясы – қоғамдағы бірлікті сақтау және барлық құрылымдар мен бірлестіктер үшін үлгі болу.

– Ассамблея – саяси партиялар, кәсіподақтар мен қоғамдық ұйымдардың қызметі тоғысатын ортақ алаң. Біздің мақсатымыз – мемлекет институттарымен бірлесе отырып, қоғамдағы бірлікті нығайту, – деді ол.

Конференция тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және Қазақстан халқы Ассамблеясының халықтық дипломатия институты ретіндегі рөлін күшейтуге арналған маңызды алаңға айналды. Қатысушылар бірлік, достық және мәдени әралуандық құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған жұмыстар алдағы жылы да жаңа жобалар мен бастамалар арқылы жалғасатынын атап өтті.