GUSTO дауы: Шымбұлақтан Владивостокқа дейінгі рейтингке әсер етті
Шымбұлақтағы Gusto мейрамханасында болған тілге қатысты жанжал әлеуметтік желіде қызу талқыланып, күтпеген салдарға ұласты. Оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызып қана қоймай, тіпті Қазақстаннан тысқары орналасқан мейрамхананың рейтингіне дейін әсер еткен, деп хабарлайды newsroom.kz.
Еске салсақ, желіде тараған видеода Gusto мейрамхана келушілер мен қызметкер арасында қазақ тілінде қызмет көрсету мәселесіне байланысты түсініспеушілік туындағаны байқалады. Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының жаппай реакциясын тудырды. Кейінірек белгілі болғандай, жанжалға қатысы бар әкімші жұмыстан босатылған.
Оқиғадан кейін қазақстандық қолданушылар мейрамханаға қатысты өз пікірлерін қалдыру үшін 2GIS платформасына жаппай кірген. Алайда дәл осы тұста күтпеген жағдай орын алған. Кейбір азаматтар Алматыдағы Шымбұлақта орналасқан Gusto мейрамханасымен шатастырып, Ресейдің Владивосток қаласындағы дәл осындай атаудағы басқа мейрамханаға пікір жазып кеткен.
Нәтижесінде, Владивостоктағы Gusto мейрамханасының парақшасында қысқа уақыт ішінде 800-ден астам пікір пайда болған. Пікірлердің бір бөлігінде Қазақстандағы тіл дауына қатысты эмоциялық жазбалар қалдырылған. Олардың арасында қазақ және орыс тілдеріндегі наразылық пікірлер де, ұлтқа қатысты өткір мәлімдемелер де кездеседі.




Кейін кейбір қолданушылар қателескенін түсініп, пікірлерін түзетіп, керісінше бес жұлдыз қойып, жағымды пікір қалдыра бастаған. Тіпті кейбір жазбаларда:
«Қайтыңдар-ей, бұл басқа мейрамхана»,
«Шатасып кетіппіз»,
«Жол түссе, келіп жеп кетеміз», «Тамақтары өте дәмді (деп ойлаймын)» деген сарындағы әзіл пікірлер де жарияланған.




Осылайша, Қазақстандағы бір ғана оқиға Ресейдің басқа қаласындағы қоғамдық тамақтану орнының онлайн беделіне тікелей ықпал еткен. Бұл жағдай әлеуметтік желінің шекара танымайтын күшін және цифрлық платформалардағы кез келген әрекеттің салдары болуы мүмкін екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Айта кету керек, желіде тараған пікірлер арасында эмоцияға берілген жазбалармен қатар, кейін сабырға келген қолданушылардың кешірім сұраған, жағдайды түсіндірген пікірлері де бар.