Жаңалықтар

Көмірден премиалды болатқа дейін: Qarmet-тің екі жылдық эволюциясы

2025 жылдың желтоқсанында Qarmet компаниясы меншік иесінің ауысқанына екі жыл толғанын қорытындылап отыр. Бұл — тек бір кәсіпорынның тарихы емес, Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар өндірістік активті басқарудың жаңа моделін көруге мүмкіндік берген тәжірибе болды.

Соңғы аптада Qarmet-ке ұйымдастырылған сарапшылық-тур аясында комбинаттың негізгі өндірістік және инфрақұрылымдық нысандарын көру мүмкіндігі туды. Бұл сапар кәсіпорын ішіндегі өзгерістерді сырттай емес, өндірістің өзегінде тұрып бағалауға жағдай жасады.

Қауіпсіздік – декларация емес...

Сапар Костенко шахтасынан басталды. 2023 жылғы қайғылы оқиғадан кейін бұл нысанда қабылданған шешімдер формалды сипатта емес екені бірден байқалады.

Қазір шахтада қызметкерлердің орналасуын дәлдігі 10 метрге дейін көрсететін позициялау жүйесі, цифрлық диспетчерлік орталық, жаңартылған байланыс және бақылау құралдары жұмыс істейді. Барлық негізгі параметрлер – газ деңгейі, температура, су, желдету – онлайн режимде бақыланады.

Маңыздысы - қауіпсіздік мұнда қосымша талап емес, өндірістік процестің өзегі ретінде қарастырылады. Соның нәтижесінде өнімділік те артқан: жоспарланған 850 мың тоннаның орнына 1 млн тонна көмір өндірілген, жыл соңына дейін 1,2 млн тоннаға жету жоспарланып отыр.

Теміртаудағы экология мен экономика

Теміртаудағы домна пештері жанындағы көрініс те көп нәрсені аңғартады. Бұрын жылдар бойы қала экологиясымен бірге айтылатын қара түтін қазір байқалмайды. Кәсіпорын мазуттан бас тартып, табиғи газға көшіпті.

Бұл шешім экологиялық эффектімен қатар экономикалық тиімділік те беріп отыр. Газға көшу арқылы технологиялық тұрақтылық артқан, өндіріс шығындары оңтайландырылған. Сонымен қатар, алдағы жылдары газбен жұмыс істейтін өндірістік желілерді кеңейту жоспарланып отырған көрінеді.

Одан бөлек, жуырда ғана Мемлекет басшысының қабылдауында болған «Qarmet» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев соңғы екі жылда болат өндірісі 22 пайызға, көмір концентраты 26 пайызға, темір кені 32 пайызға артқанын, өнімнің өзіндік құны 28 пайызға арзандап, шығарылатын маркалардың түрі 260-тан 350-ге дейін ұлғайғанын айтқан.

Оған қоса А.Лаврентьев 9 ірі инвестициялық жобадан тұратын кешенді бағдарламаның жүзеге асыру жайында баяндаған.

Өсім көлемде емес, құндылықта

Нақты сандар бойынша да динамика бар: соңғы екі жылда болат өндірісі 3 млн тоннадан 3,7 млн тоннаға дейін өскен. 2026 жылы 4 млн, 2028 жылы 5 млн тоннаға шығу мақсаты қойылған.
Алайда Qarmet стратегиясының басты ерекшелігі — тек көлемді арттыру емес, қосылған құны жоғары өнімге көшу.

Қытайдың WISDRI инжинирингтік компаниясымен бірлесіп, премиалды болат өндірісін іске қосу жоспарланыпты. Бұл автокөлік, мұнай-газ, атом және медицина салалары үшін қажет жоғары технологиялық материалдар сегментіне шығуға мүмкіндік береді.

Qarmet-тің басқарушы директоры әрі соңғы апталарда еліміздегі ТОП-30 GR мамандарының қатарына енген Ербол Исмаилов атап өткендей, премиалды болат — бұл тек жаңа өнім емес, Қазақстан өнеркәсібінің технологиялық деңгейін жаңа сатыға көтеру.

Индустриялық экожүйе ретінде даму

Сапар барысында, медициналық орталық, корпоративтік университет, сервистік инфрақұрылым нысандары да көрсетілді. Бұл элементтер кәсіпорын үшін әлеуметтік жүктеме ретінде емес, ұзақ мерзімді тұрақтылықтың бір бөлігі ретінде қарастырылып отырғаны байқалады.

Сонымен қатар, Qarmet Service базасында шағын және орта бизнеске арналған өндірістік кластер қалыптастыру жоспары бар. Бұл – ірі өнеркәсіптің айналасында екінші деңгейлі құндылық тізбегін дамытуға бағытталған қадам.

Қорытынды

Qarmet тәжірибесі көрсеткендей, меншік иесінің ауысуы тек корпоративтік мәміле емес, басқару философиясының өзгеруіне алып келуі мүмкін.

Қауіпсіздік, экология, технология, кадр және сервис бір логикаға біріктірілген кезде ғана ірі өндіріс тұрақты әрі бәсекеге қабілетті бола алады.

Бұл тәжірибе Қазақстандағы өзге де стратегиялық активтер үшін маңызды сабақ болса дейміз. Себебі, өндірістің көлемін ұлғайтып, пайда табам деп сақтап қалу ғанажеткіліксіз, оны жаңа экономикалық шындыққа бейімдеу қажет.