Жағымсыз иіс шыққаны үшін әжейді автобустан шығарып жіберген
Алматы қаласында №118 бағыттағы автобуста жолаушылар арасында дау тудырған жағдай тіркелді. Жағымсыз иіс салдарынан автобус жүргізушісі егде жастағы әйелді аялдамалардың бірінде көліктен түсіруге мәжбүр болған.
Оқиға куәгерінің айтуынша, бір сәтте салон ішінде зәрдің өткір иісі сезіле бастаған. Алғашында иістің сырттан келіп жатқанын ойлаған жолаушылар көп ұзамай оның автобустағы әжейден шығып жатқанын аңғарған. Осыдан кейін бірнеше жолаушы жүргізушіге шағым білдірген.
Жолаушылардың наразылығын ескерген жүргізуші санитарлық талаптарға сүйене отырып, егде жастағы әйелді жақын аялдамалардың бірінде түсіріп қалдырған.
Автопарк өкілдері бұл шешімнің қолданыстағы ережелерге толық сәйкес екенін мәлімдеді. Олардың түсіндіруінше, егер жолаушының салонда болуы өзгелерге айқын қолайсыздық туғызып, санитарлық нормаларды бұзса, жүргізуші тиісті шара қолдануға міндетті.
«Аталған жағдайда жолаушылардан бірнеше мәрте шағым түскен. Жүргізуші жағдайды сыпайы әрі заң аясында шешті. Оның әрекеттерінен ешқандай құқықбұзушылық анықталған жоқ», – деп хабарлады автопарк өкілдері.