Қазақша сөйлеуден бас тартқан мейрамхана әкімшісі жұмыстан босатылды
Алматы маңындағы Шымбұлақ тау-шаңғы курортында орналасқан Gusto мейрамханасының әкімшісі келушіге қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартуына байланысты болған оқиғадан кейін қызметінен шеттетілді. Бұл туралы newsroom.kz мейрамхананың ресми мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.
Мейрамхана әкімшілігінің мәліметінше, 21 желтоқсанда аталған жағдайға байланысты ішкі тексеріс жүргізілген. Тексеру барысында қызмет көрсету стандарттары мен қызметкерлердің корпоративтік коммуникация талаптары қайта қаралған. Нәтижесінде басшылық әкімшімен еңбек қатынасын тоқтату жөнінде басқарушылық шешім қабылдаған.
Мекеме өкілдері бұл шешімнің ішкі сипатта екенін және оқиғаға құқықтық баға беру болып саналмайтынын атап өтті. Сонымен қатар жағдайға қатысты заң аясындағы рәсімдер барлық тараптардың қатысуымен қолданыстағы заңнамаға сәйкес жалғасып жатқанын жеткізді.
Gusto өкілдерінің айтуынша, қонақтармен жұмыс барысында басты басымдық – өзара құрмет пен этикалық нормаларды сақтау. Қандай жағдай болмасын, қызметкерлер тарапынан дөрекілік пен әдепсіз мінез-құлыққа жол берілмейді. Осы оқиғадан кейін ішкі қызмет көрсету регламенттері күшейтіліп, персоналмен қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.
Сондай-ақ мейрамхана Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіліне қолдау мен құрмет білдіретінін мәлімдеп, қонақтарға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетілетінін еске салды. Мекеме өкілдері қоғамда туындаған резонансқа байланысты өкініш білдіріп, келушілерге түсіністік танытқандары үшін алғыс айтты.
Еске сала кетейік, бұл оқиға туралы ақпарат алғаш рет әлеуметтік желілерде жарияланған. Жазба авторының айтуынша, мейрамхана әкімшісі оған қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартып, мұны мәселе деп санамайтынын айтқан. Пайдаланушының сөзінше, жағдай сөз жүзіндегі жанжалға ұласып, мемлекеттік тілді қолданудан бас тарту жөнінде мәлімдемелер мен қорлайтын сөздер айтылған.
Мәліметке сәйкес, оқиға полиция шақырумен аяқталған. Жазба авторы жанжал салдарынан бірнеше сағат уақытын жоғалтқанын, ал жанында болған туристердің суықта күтуге мәжбүр болғанын да атап өтті. Болған жағдай бейнежазбаға түсіріліп, желіде кеңінен тараған.
Пайдаланушы туристік аймақта орын алған мұндай оқиғалар елдің имиджіне тікелей әсер ететінін және қоғамдық назардан тыс қалмауы тиіс екенін подчерк етті.