Алаяқ дипфейк арқылы 46 банк шотын ашып, кездейсоқ әшкере болды
Ол өзімен бірге көптеген банк карталарын ұстап жүргенімен көзге түсіп, кездейсоқ ұсталып қалған.
Амстердамның 34 жастағы тұрғыны банктердегі цифрлық жеке басын тексеру жүйесін дипфейк технологиясының көмегімен айналып өтіп, өзге адамдардың атына банк шоттарын ашқаны үшін ұсталды. Ол ашылған шоттарды алаяқтық мақсатта пайдаланған.
Тергеу мәліметінше, күдікті жалдамалы пәтер іздеп жүрген адамдардың құжаттарын пайдаланған. Ол тұрғын үй нұсқаларын ұсынып, әлеуетті жалға алушылардан жеке құжаттарын жіберуді сұраған.
Банктік верификациядан өту үшін ер адам фотосуреттерді өңдеп, көз, мұрын және ауыз пішінін өз бет-әлпетіне сәйкестендіріп отырған.
Алаяқтық схемасы қараша айының соңында әшкереленді. Шекара қызметкерлері ер адамға оның өзімен бірге алып жүрген банк карталарының тым көптігіне байланысты назар аударған.