Некесіз туған ұлға қатысты дау: Маңғыстау әкімі жалақысы мен алимент мөлшерін айтты
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай 23 желтоқсанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жеке өміріне қатысты даулы мәселеге түсініктеме берді. Журналистер некесіз туған баласына байланысты қоғамда қызу талқыланған оқиғаның өңірдегі беделіне әсері, алимент мөлшері және ұлымен қарым-қатынасы туралы сұрақ қойды.
Әкім бұл тақырыптың әлеуметтік желілерде ұзақ уақыт талқыланғанын еске алды. Оның айтуынша, ақпарат құралдарында кей деректер бұрмаланып кеткен.
«Бұл — өте жеке мәселе. Әлеуметтік желілерде әріптестеріңіз шындықты ғана жазсын деп сұрадым. Кейбіреулер сот мені ДНҚ арқылы баланы мойындауға мәжбүрледі деп жазды. Бұл шындыққа жанаспайды. Мен өзім сотқа жүгініп, 2001 жылы дүниеге келген баланы мойындау туралы өтініш бердім. Сот сол өтінішімді қанағаттандырды. Қазір заңға сәйкес алимент төленіп жатыр», — деді Нұрдәулет Қилыбай.
Журналистер алименттің нақты мөлшерін сұрағанда, әкім:
«Пайызбен айтсақ, 20 немесе 25 пайыз шамасында», — деп жауап берді.
Одан кейін жалақысына қатысты сауал қойылды.
«Жалақымды білгіңіз келе ме? Қолға алатыным — 1 миллион 900 мың теңге. Одан алимент ұсталады. Өздеріңіз есептей беріңіздер», — деді ол.
Нұрдәулет Қилыбай бұл жағдайды өзінің қателігі деп санайтынын айтып, оны беделіне соққы болғанын да мойындады. «Бұл — жағымсыз жағдай», — деді әкім.
Әкім айтқан жалақы көлеміне сүйенсек, ай сайынғы алимент мөлшері шамамен 470–475 мың теңгені құрауы мүмкін. Бұл есеп оның қамқорлығында бір ғана кәмелетке толмаған бала бар деген жағдайда жасалған.
Сөз соңында Маңғыстау облысының әкімі некесіз туған ұлымен араласпайтынын айтты.
Еске салайық, соттың Нұрдәулет Қилыбайдың әкелік фактісін анықтағаны туралы ақпарат 2025 жылдың тамыз айында белгілі болған еді.