Қазақстанның автожол саласында ғылым мен технологиялардың дамуы
2025 жылы Қазақстанның автожол саласында автомобиль жолдарының беріктігін арттыруға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және инфрақұрылымды басқару тиімділігін күшейтуге бағытталған ғылыми-технологиялық даму байқалды. Жыл бойы елімізде заманауи халықаралық технологиялар, цифрлық шешімдер, сондай-ақ континенттік климат пен жоғары көлік жүктемелеріне бейімделген отандық әзірлемелер жүйелі түрде енгізілді.
Маңызды жетістіктердің бірі — Қазақстанда алғаш рет асфальтбетон қоспаларын жобалаудың халықаралық Superpave (Superior Performing Asphalt Pavement) технологиясының қолданылуы. Бұл жүйе экстремалды температуралық режимдер мен қозғалыс қарқындылығын ескере отырып, асфальтбетон құрамын қатты ыстықта да, қыстың қақаған суығында да беріктігін сақтайтындай етіп жобалауға мүмкіндік береді. Мұндай жабындардың жөндеуаралық қызмет ету мерзімі 20 жылға дейін жетуі мүмкін, бұл еліміздің климаттық жағдайында ерекше қажеттілікке ие. Superpave технологиясын қазақстандық жағдайларға бейімдеу жұмыстарын ҚазжолҒЗИ ғалымдары жүзеге асыруда.
Аталған технология бойынша алғашқы апробациялық учаскелер бүгінде бірқатар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында және елорданың көшелерінде төселді. Технологияны одан әрі енгізуге бағытталған жол картасы бекітіліп, тәжірибелік учаскелерді кеңейту және барлық объектілерде 2027 жылдың соңына дейін мониторинг жүргізу жоспарланған. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша Superpave технологиясын республика көлемінде ауқымды енгізу туралы шешім қабылданатын болады.
Сонымен қатар, автожол саласында цифрландыру және зияткерлік диагностика бағытында да елеулі ілгерілеу байқалады. Қазақстанда Жол активтері ұлттық сапа орталығы әзірлеген және патенттеген SRDS (Smart Roads Diagnostics System) жүйесі енгізілді. Жасанды интеллект технологияларын қолдану нәтижесінде жол жамылғысының жай-күйі туралы деректерді өңдеу уақыты әрбір 100 шақырым үшін 4 күннен 4 сағатқа дейін қысқарды. Компьютерлік көру технологиясын пайдаланатын жүйе жарықтарды, шұңқырларды және ойықтарды автоматты түрде анықтап, олардың көлемі мен ұзындығын дәл тіркейді. Зерттеулер бейнекамералармен, датчиктермен және GPS-навигациямен жабдықталған жылжымалы зертханалар арқылы жүргізіледі.
Жыл сайын жасанды интеллект көмегімен 15 мың шақырымға дейін республикалық және шамамен 5 мың шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары тексеріледі. Алынған деректер жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарын жоспарлау кезінде пайдаланылып, проблемалық учаскелерді жедел анықтауға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және бюджет қаражатын неғұрлым тиімді жұмсауға мүмкіндік береді.
Автомобиль жолдарын салу және күтіп ұстау саласындағы материалдар мен инновациялық технологияларды жинақтайтын rcmbase.qazjolgzi.kz бірыңғай цифрлық платформасының дамуы да жалғасуда. Қазіргі уақытта платформада жол төсемінің тұрақтылығын, беріктігін және қауіпсіздігін арттыруға бағытталған 191 технология тіркелген. Жіктеу жүйесі шешімдердің практикалық қолдануға дайындық деңгейін бағалауға мүмкіндік беріп, технологияларды объектілерде енгізу үшін ашық әрі жүйелі іріктеуді қамтамасыз етеді.
Отандық әзірлемелерге ерекше басымдық беріліп отыр: базаға қазақстандық өндірістің 37 технологиясы, оның ішінде энергия үнемдейтін қоспалар, көктайғаққа қарсы материалдар және жол төсемін нығайтуға арналған тұрақтандырғыштар енгізілген. Аталған шешімдер бүгінде жолдарды қысқы күтіп ұстау барысында қолданылып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға өз үлесін қосуда.
Осылайша, 2025 жылы Қазақстанның автожол саласы ғылыми негізделген, цифрлық және тұрақты шешімдерге жүйелі түрде бет бұрып отырғанын, сондай-ақ заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыру жолында сенімді қадам жасалып жатқанын көрсетеді.