Жаңалықтар

Сиыр етін экспорттауға неге шектеу енгізілді? Жұманғарин түсіндірді

Үкіметтегі брифингте Қазақстан премьер-министрінің орынбасары ішкі нарықта бағаның шамадан тыс өсуіне жол бермеу үшін сиыр етін экспорттауға квота енгізу туралы шешім қабылданғанын айтты.

Серік Жұманғариннің сөзінше, Қазақстан сиыр етін экспорттау бойынша рекордтық көрсеткішке жақындап қалды. Қазіргі таңда шетелге шамамен 30 мың тонна сиыр еті жөнелтілген, ал бұл көлем 40 мың тоннаға дейін өсуі мүмкін.

«Сондықтан біз экспорттау мүмкіндігін өз бордақылау алаңдары мен жеке ет комбинаттары бар кәсіпорындар үшін ғана квоталадық. Себебі экспорт тікелей ет комбинаттары арқылы жүзеге асады», – деді Серік Жұманғарин.

Ұлттық экономика министрі келер жыл мал шаруашылығын белсенді дамыту кезеңі болатынын атап өтті.

«Соңғы екі жылда біз егін шаруашылығына жақсы инвестиция салдық, мол өнім алдық. Осы бағытта несиелік ресурстарды арттырдық, өнімді қорғадық. Енді дәл осындай жүйелі жұмысты мал шаруашылығы саласында жүргізуіміз керек», – деп қосты вице-премьер.