Аймақтар

Қызылорда өңірінде үш жылда 21 спорт кешені пайдалануға берілді

Қызылорда облысында Мемлекет басшысының спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасы жүйелі түрде жүзеге асуда. Соңғы үш жылда аймақта жаңа спорт нысандары салынып, халықтың бұқаралық және кәсіби спортпен шұғылдануына кең мүмкіндік жасалды.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда өңірінде спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Аймақ басшысының айтуынша, Қызылорда қаласында УЕФА-ның IV санатты сертификатына ие, 11 мың көрерменге арналған заманауи стадион салынды. Аталған нысан 4 қазан күні футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен ашылып, ірі спорттық жарыстар өткізуге толық дайын.

Жалпы, соңғы үш жылда облыс аумағында 21 спорт кешені бой көтеріп, ел игілігіне табысталды. Бұл нысандар өңір тұрғындарының барлық санаты үшін спортпен жүйелі түрде айналысуға жағдай жасап отыр.

Облыс орталығындағы ең ауқымды жобалардың бірі – аумағы 25 мың шаршы метрді құрайтын, құны 20 млрд 500 млн теңге болатын көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешені. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Сонымен қатар, «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды қолдау қорының қатысуымен Теннис орталығы салынса, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен Шиелі және Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешендері пайдалануға берілді. Қордың қолдауымен тағы бір дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.

Аймақта жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 80 спорт және ойын алаңы орнатылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы 5 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр.

Бүгінде Қызылорда облысында 1538 спорт нысаны бар. Спорт саласының дамуына ұлттық компаниялар, қоғамдық қорлар мен жергілікті бизнес өкілдері белсенді үлес қосуда. Соның ішінде, Қызылорданың сол жағалауында «Samruk Kazyna Trust» қорымен бірлесіп 3 млрд 400 млн теңгеге салынған Теннис орталығын атап өтуге болады.

Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен 2 млрд 900 млн теңгеге ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Осы қордың қолдауымен биыл Шиелі және Жалағаш аудандарында жаңа спорт нысандары ауыл тұрғындарына табысталды.

Қазақстан футбол федерациясының «Алаң» бағдарламасы аясында 2024 жылы Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионның қосалқы алаңы жаңғыртылса, биыл федерация қолдауымен Жалағаш ауданының орталық стадионы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.

Жыл жаңалықтарының бірі ретінде облыс әкімінің қолдауымен жеке меншіктегі «Тарлан» спорт кешені басқарма қарамағына өтіп, «Қызылорда ерлер және әйелдер бокс клубы» ретінде ресми түрде ашылды. Ғимарат демеушілер есебінен толық жөнделіп, заманауи талаптарға сай жаңартылды.

Нәтижесінде өңірде халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі 56,5 пайызға жетті.